2023 жылы Мәдениет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына орай Бадам ауылдық кітапханасында «Ордабасы» ұлттық тарихи – мәдени қорығының ұйымдастыруымен «Асыл өнердің , алып нары» тақырыбында тарихи – танымдық сағаты болып өтті.Аталған іс – шарада қорық музей қызметкерлері тарихи түлғаның өмірі мен қызметі жайында, қазақ халқына сіңірген ерең еңбегі жайында мол мағлұматтар берді. Сонымен қатар Т.Жүргенов жайында бейнеролик көрсетілді. 1898 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген ол ақын, аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуов ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашады. Содан соң 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. Осында оқып жүріп қоғамдық өмірге белсене араласып, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысады. 1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құрамына енді. Содан бастап көптеген жауапты қызметтер атқарған. Ерекше айта кететіні 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін негізгі ұйымдастырушылардың бірі болды. Онкүндік кезінде республикамыздың өзге де мәдениет қайраткерлерімен бірге Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. 1937 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Осы жылы 3 тамызда “халық жауы” деген жалған айыппен ұсталып, РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-, 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілді. КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының 1957 ж. 18 сәуірдегі шешімімен кінәсіз жазаланғаны анықталып, ақталған.