Елбасының мақаласы ЮНЕСКО-да таныстырылады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласы мен рухани жаңғырудың 6 негізгі жобасы Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб пәтерінде таныстырылады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Президентi жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын iске асыру жөнiндегi ұлттық комиссияның үшiншi отырысында айтты.

«2017 жылдың 17 қазанында Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб пәтерінде Елбасының бағдарламалық мақаласы мен рухани жаңғырудың 6 негізгі жобасы таныстырылады. Ол — «Туған жер», «Қазақстанның сакральді географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшуі», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім» жобалары», — деді министр.

Осы орайда Арыстанбек Мұхамедиұлы ЮНЕСКО штаб пәтерінде қазақ мәдениетімен танысуға кең мүмкіндік жасалатынын атап өтті.

«Сонымен қатар онда Қазақстан туралы ғылыми-танымдық фильм, Көшпенділер әлемі: Алтын адам шеруі», отандық суретшілердің көрмесі, отандық авторлар кітабының таныстырылымы, музыканттар кеші өтіп, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасынан іріктеліп алынған мәдениет қайраткерлер қатысады», — деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.

https://baq.kz/kk/news/ruhani_zhangiru/elbasinin_makalasi_uneskoda_tanistiriladi20170817_184200