18 қазан, 2017. Астанада «Рухани жаңғыру – гүлдену мен келісім жолы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында, рухани келісім күніне арналған рухани мәдениеттің әлемдік форумы президиумының дөңгелек үстелі өтеді.
Іс-шараға КСРО және Ресей Федерациясының халық әртісі Иосиф Кобзон, қазақ композиторы және қоғам қайраткері, «Мәдениет арқылы әлем» халықаралық қауымдастығының президенті Төлеген Мұхамеджанов, ғылым саласы мен мәдени қауымдастық өкілдері қатысады.
Дөңгелек үстел қатысушылары өмірдің гуманистік негіздері мен рухани кемелдену, рухани мәдениет, өркениеттің дамуына әсер ету, рухани дамуға сеп болатын саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени жағдайлар, адами құндылықтар бағаланатын тұрақты қоғам қалыптастыру мәселелерін талқылайды.
Дөңгелек үстел ғылым және мәдени қауымдастық өкілдерінің, діни және мемлекеттік қызметкерлердің сұқбаты үшін ашық алаңға айналады.
Рухани келісім күнін өткізуге бағытталған іс-шаралар бағдарламасы КСРО және Ресей Федерациясының халық әртісі Иосиф Кобзон, Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, тенор Дарио Ди Виетри (Италия), «Астана Опера» театрының солисі Евгений Чайников, Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің қатысуымен өтетін гала-концертпен аяқталады.
Атап өтсек, ертең Астанада «Рухани жаңғыру – гүлдену мен келісім жолы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастайды. Ұйымдастырушылары Астана қаласының әкімшілігі, Дін істері жөніндегі басқарма мен «Мәдениет арқылы бейбітшілікке қол жеткізу» атты Халықаралық қауымдастық.
Конференция аясында Еуразия халықтары қауымдастығының отырысы, рухани мәдениеттің әлемдік форумы президиумының дөңгелек үстелі, рухани келісім күніне арналған гала-концерт және түрлі шеберлік сыныптары өтеді.