Кеше Ордабасы аудандық «Өнер мектебі» Бадам ауылдық филиалының шәкірттері «Ордабасы елдіктің басы» тақырыбындағы концерттік бағдарламамен «Ордабасы» ұлттық тарихи – мәдени қорық музейіне келді.
Мұндағы мақсат қазақ халқы үшін құнды, бағалы мұралардың бірі болған– күй өнерін болашақ жас ұрпаққа кеңінен насихаттау. Қорық музейге келген жас өнерпаздар алдымен Ордабасы тарихы туралы мәлімет алып музей жәдігерлерімен етене танысып шықты.
Тарихи – мәдени мұраларымызбен жақыннан танысып рухтанған жас өнерпаздар қазақтың қара домбырасын қолдарына алып Құрманғазының «Қызыл қайың серпер», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», М.Әубәкіровтың «Наркескен», Ж.Еңсеповтың «Балбұлақ» күйлерін ойнап қорық музей ұжымының ыстық ықыласына бөленді. Бір сәтке музей жәдігерлері де күй құдіретімен үндесіп өткен ғасырлармен сырласқандай әсер қалдырды.
Халқымыздың бай мұрасына айналған көне күйлердің әуен – сарыны ертедегі Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Көк түріктер және басқа да тайпалар өмірінен бастау алатынын ескерер болсақ күй құдіретінің болашақ ұрпаққа берер маңызы орасан зор екенін байқауға болады.