Алтай мен Жайықтың ортасын мекен еткен кең байтақ қазақ даласы табиғи байлықтарға, алуан түрлі өсімдіктерге бай.Оның бірі көздің жауын алар әсемдігімен ерекшеленетін қызғалдақ гүлі. Ғалымдардың есебі бойынша қазіргі таңда ,Қазақ жерінде қызғалдақтың 35 түрі белгілі,оның 12-сі Қазақстаннан басқа ешбір мемлекеттен кездестіре алмайсыз. 35 түрдің ішіндегі 18-і Қызыл кітапқа еніп, ерекше қорғауға алынған. Бүгін біз сіздерге Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт минстірлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ордабасы» ұлттық тарихи – мәдени қорық музейі аумағында өсетін ерекше қорғауға алынған «Корольков» қызғалдағы жайлы ақпаратты назарларыңызға ұсынамыз. Корольков қызғалдағы лалагүлдер туысына жататын көп жылдық өсімдік. Биіктігі 10–20 см, пиязшығы жұмыртқа тәрізді, жуандығы 1–2 см, қатты терілі, қара, кейде жер бетіне дейін созылған, жоғарғы жағы түкті жүнді қабықты. Сабағы жалаңаш; жапырақ саны үшеу, қайырылған, едәуір алшақ орналасқан, бұйра, көкшіл, сұр, әдетте гүлден биік, төменгі таспа тәрізді, ені 0,5–1 см. Гүлі біреу; гүл серігі қызыл, кейде сары немесе ала болады. Ұзындығы 2–4 см, ішкі жағының түбінде шағын қима дағы бар, әдетте доғал, түкті ұшы қысқа, сырты кер жұмыртқа тәрізді, іші шамалы жіңішке; аталықтары гүл серігінен 2,5 есе қысқа, олардың жіпшелері қара, көбіне төменгі жағы сары, тозаңдықтары сары, жіптерінен 1,5 – есе қысқа, түйнің аналық ауызы орнықты болып келеді. Бүгінде «Ордабасы» қорық – музей аумағында өсіп тұрған Корольков қызғалдағын көруге еліміздің түпкір түкпірінен ғалымдар,ботаниктер, блогерлер, туристер арнайы келіп, табиғат ананың бізге берген тамаша сыйы қызғалдақтарды көріп, суретке түсіп өз таңданыстарын білдіруде. Бас аяғы бір ай көлемінде көз қуанышына айналатын бұл қызғалдақтар бүгінде гүл ашып жайқалуда. Осы орайда «Ордабасы» қорық – музейінде жаңа маусымдық «Королков қызғалдағы» туристік бағыттың ашылуына орай, баршаңызды қызғалдақтарды тамашалап әсем табиғатпен танысуға шақырамыз.