«Қош келдің , Әз — Наурыз» тақырыбында Ұлыстың Ұлы Күні Наурыз мерекесі аталып өтілді.

Бадам ауыл округінде орналасқан жастар аллеясында «Қош келдің ,Әз -Наурыз» тақырыбында Ұлыстың Ұлы Күні Наурыз мерекесі аталып өтілді. Наурыз мерекесін Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Сейітқұл Қыдырбай Құнанбайұлы ашып беріп, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, Бадам ауылының түрлі сала қызметкерлерін арнайы Ордабасы аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады. Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға келген ауыл тұрғындары «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының «Киелі мекеннің қазыналы жәдігерлері» тақырыбындағы көрмесін тамашалады. Көрмеде Ордабасы қорығында сақталған археологиялық, этнографиялық, нумизматикалық жәдігерлер таныстырылды. Сонымен қатар мерекелік шара барысында ақындар айтысы ұйымдастырылып , ұлттық ойындар ойнатылды.Ауыл қариялары ақ баталарын білдіріп, Наурыз тойы «Ордабасы» тобының орындауындағы әндермен өз жалғасын тапты .