Қорық музейдің 30 жылдығы аясында атқарылатын шаралардың тұсау кесері өтті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл 1993 жылдың 26 – 28 мамыр күндері Ордабасы тауында қазақтың Ұлы тұлғалары Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді, және 1726 жылғы Ұлы жиынды мәңгі есте сақтау мақсатында, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Еске алу» күндері болып өтті. Еске алу күндеріне арнайы қонақ ретінде сол кездегі Өзбекстан Президенті И. Каримов, және Қырғызстан Президенті А. Ақаев шақырылған болатын. Алғашқы болып мінберге көтерілген Н.Ә.Назарбаев жиылған халыққа құттықтау сөз сөйлеп, «Ордабасы» ұлттық тарихи – мәдени және табиғи қорығын құру туралы» №1213 қаулысын оқыды.
Ордабасы қорығы Ордабасыда өткен тарихи оқиғалар мен археологиялық ескерткіштерді негізге ала отырып құрылған.
Биылғы 2023 жылы «Ордабасы» ұлттық тарихи – мәдени қорығының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Аталған мерейтой аясында біршама республикалық, облыстық деңгейде өткізілетін ауқымды шаралар жоспарлануда. Бүгін Ордабасы қорық музей қызметкерлері мен Бадам ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Ордабасы – бірлік пен татулықтың мекені» тақырыбында айтулы мерейтойға орай өткізілетін
шаралардың тұсаукесері өтті. Аталған шараға қорық музейдің ардагер зейнеткерлері,ауыл әкімшілігі, қоғамдық ұйым басшылары мен ауыл қариялары ,сонымен қатар тарихшы ұстаздар мен мектеп оқушылары қамтылды. Шараның ашылуы Ордабасы қорығында 10 жылдан астам уақыт басшылық қызмет еткен, зейнеткер ҚР Мәдениет қайраткері Шахар Қаназарұлының құттықтау сөзімен басталды. Осыдан соң ҚР жазушылар одағының мүшесі , жергілікті ақын Мұхтар Пірмағамбет атамыз қорық музейдің 30 жылдығына арнауын оқып шараның шұрайын келтірді. Өз кезегінде сөз алған қорық музей директоры Б.Исматов Ордабасы- қазақ халқының тарихыңда маңызы жағынан ерекше орын алатын, жоңғар басқыншыларына қарсы тәуелсіздік үшін ұлт-азаттық қозғалыстың бастауы болып табылатынын айтып өтті.Сонымен қатар жалпы 30 жылдық аясында өткізілетін ауқымды шараларға тоқталып, құрылысы бітуге жақын қалған Ордабасы сапар орталығын жұмысымен таныстырды.
Тарихшы ұстаз Әкімхан Қалижан Ордабасының тарихына тоқталып өтіп бұл мерейтойды бүкіл республика көлемінде аталып өтілу керектігін айтып, осындай шараларға болашақ жастарды , мектеп оқушыларын көптеп қамтылса жастардың бойына бабалардың асқақ рухын ұялатып төл тарихымызды тереңірек таныту керектігін айтып өтті.Ұзақ жылдар бойы ұзтаздық етіп, білім нәрін сыйлаған зейнеткер ұстаз Дәрмен Сағыныш апамыз өз сөзінде шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып сәттілік тіледі.Сонымен қатар қорық музей қызметкерлері соңғы жылдары жүргізілген ғылыми жұмыстар мен музей қорындағы құнды жәдігерлер туралы ақпарат беріп, алдағы уақытта осындай шаралар өз жалғасын табады деп айтып өтті. Шара соңы көне көз қариялардың алдағы жұмыстарға сәттілік тілеп бата берумен қорытындыланды.