«Бір отан – бір отбасы» тақырыбында Бадам ауылында тұратын өзге ұлт өкілдерімен кездесу мерекелік шарасы өткізілді.

Көктемнің  алғашқы қүндерімен бірге келетін мерекелердің бірі Алғыс айту күні қарсаңында «Ордабасы» ұлттық тарихи – мәдени қорығы Бадам ауылдық кітапханасымен бірлесе отырып «Бір отан – бір отбасы» тақырыбында Бадам ауылында тұратын өзге ұлт өкілдерімен кездесу мерекелік шарасы өткізілді. Шара басында Бадам ауылы әкімінің орынбасары Нұрлан Пернеханұлы мерекеге байланысты құттықтау сөз сөйлеп, ыстық ықыласын білдірді. Ордабасы триосының орындауындағы «Қазақтай ел қайда» әні мерекелік шараның шырайын келтіріп қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Өз кезегінде сөз алған Бадам аумақтық әжелер төрайымы Әбдірахманова Жібек әжеміз бен аналар алқасының төрайымы Әбсаттарова Гүлбахрам апайларымыз еліміздің тыныштығын, халқымыздың амандығы мен береке бірлігін тілеп, ақ баталарын берді. Мерекелік шара жас өнерпаздарымыздың «Алғыс жақсыларға»  , «Ана туралы жыр» әндерімен жалғасып, шараға қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар Бадам ауылында тұратын ұлты басқа болғанымен, жүрегі қазақ деп соққан Пашаев Тұрмаханбет ата, Алиев Сұлтан аға, Геладзе Севда мен Зареддинова Пергүл апайларымыз қазақ халқына шын жүректен алғыстарын айтып, тәуелсіз елімізге береке – бірлік тіледі. Өз кезегінде ұлттар мен ұлыстар арасын жақындататын тағылымы мол осындай мерекелік шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.