АНОНС

АНОНС

 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 2018 жылғы 14 қарашасында сағат 11.00 – 11.30 аралығында республика бойынша латын графикасы негізінде «ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ДИКТАНТ» өтеді.

Шараның мақсаты – жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латыннегізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыда меңгеруге дағдыландыру.

Диктантты арнайы белгіленген орындарда және emle.kz, tilalemi.kz сайттарында, «Шалқар» және Қазақ радио арналарында тікелей эфирде мәтін аудиосын тыңдап, жазуға болады.

Жалпыхалықтық диктант барысы туралы радио,  теледидар арқылы тікелей репортаждар ұйымдастырылады, хабарлар таратылады.

Қажетті ақпаратты emle.kz, tilalemi.kz сайттарынан аласыздар.

АНОНС видео

«Әминә Өмірзақованың 100 жылдығы» ЮНЕСКО көлемінде тойланады 05 қараша, 2018. Астана. Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр сахнасының алыбы – Әминә Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай, 2019 жыл: актрисаның мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлау жобасына енді.

«Әминә Өмірзақованың 100 жылдығы»  ЮНЕСКО көлемінде тойланады

 

05 қараша, 2018. Астана. Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр сахнасының алыбы – Әминә Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай, 2019 жыл: актрисаның мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлау жобасына енді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ел тарихында тұңғыш рет театр және кино саласы артисінің атына арнап, ЮНЕСКО көлемінде тойлау, еске алу шаралары өтеді.

Сахна сайыпқыраны,  экран алыбы  Әминә  Ерқожақызы  1949 жылдан  өмірінің  соңына (26.09.2006 ж.) дейін, жарты  ғасырдан  астам  Ғ.Мүсірепов  атындағы  Қазақ  мемлекеттік  академиялық  балалар  мен  жасөспірімдер  театрында қызмет етті. Көптеген кинофильмдер мен театр қойылымдарындағы  талғампаз  бейнелері  арқылы,  Халық  қалаулысына,  Ел  ардағына  айналған,  Ұлттық  өнерімізде  есімі  ел  есінде  жатталған – Әминә  Өмірзақованың туғанына 2019 жылдың 8 наурызында 100 жыл  толады.

Актриса Өмірзақова Әминә Ерқожақызының 100 жылдығының ЮНЕСКО көлемінде тойлануы жөніндегі игі  бастама –  Ұлттық  өнеріміздің  жарық  жұлдызы құрметіне  жасалған  мәңгілік  ескерткіш  деп білеміз…

 

Қосымша ақпарат:

        Әминә  Өмірзақова  1919 жылы  8 наурызда Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысының Абай ауданында өмірге  келген.

Ол  1938 жылы  Ленинград  қаласындағы  Театр  институтын  бітіреді  де,  өнердегі  алғашқы  еңбек  жолын  Шымкент  облыстық  драма  театрына  жолдамамен  қызметке  келуден  бастайды.

Ә. Өмірзақова  қазақ  театр  сахнасында  68 жыл  бойы  қызмет  етті.  Ол  сол  уақыт  ішінде  150-дей  рөлдерді  сомдады.

Әминә  Өмірзақованың  кино  саласына  сіңірген  еңбегі  де  ұшан-теңіз.  Ол  түскен  20 шақты  кинофильм  қазақ  жұртына  кеңінен  таныс.

Театр  мен  кино  өнерінің  танымал  тұлғасы – Әминә  Ерқожақызы  әр  жылдары  төмендегідей  марапаттарды  иеленген:

1961 жылы  ,,Қазақ  ССР-інің  еңбек  сіңірген  артисі;

1965 жылы  ,,Қазақ  ССР-інің  халық  артисі,,  құрметті  атақтарымен,

1966 жылы  ,,Қазақ  ССР  Жоғарғы  советінің  құрмет  грамотасымен;

1966 жылы  ,,Еңбек ерлігі  үшін,, , ,,Еңбек  ардагері,,  медалімен,

және,  2001 жылы  ,,Отан,,  құрметті  орденімен  марапатталған.

Әминә  Ерқожақызы  Өмірзақова 2006 жылдың  26 қыркүйегінде  өмірден  озды.

 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің

Баспасөз қызметі

[pdf-embedder url=»http://nik-ordabasy.kz/wp-content/uploads/2018/11/Решение-ЮНЕСКО.pdf» title=»Решение ЮНЕСКО»]

2 қараша, 2018 жыл. Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Til-Qazyna» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жаңа «Тіл-қазына» республикалық ақпараттық танымдық газетін көпшілікке таныстырды. Ресми шараны Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашты.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2025 жылға дейін қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөнінде берген тапсырмасы баршамызға белгілі. Елбасы: «2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек»,- деп мәлімдеген болатын.

«Til-Qazyna» республикалық ақпараттық танымдық газетіқазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша қазақ тілінде латын графикасында жарық көретін алғашқы басылым болмақ. Жаңа басылымдақазақ әліпбиін графикасына көшіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты ақпараттар, танымдық материалдар жарық көретін болады.Газет айына 2 рет жарық көреді.

Тұсаукесерге қатысушыларға жаңа газеттің тұжырымдамасы және бүгінгі қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудегі маңызы айтылды.

Газет таныстырылымы барысындажетекші ғалымдар өткен ғасырда латын әліпбиінде жарық көрген қазақ басылымдарының тарихына шолу жасап, латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиіне көшу кезеңдерінде жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы туралы айтты.

Шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері газеттің болашақ жұмысына қатысты пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын берді.

Шараға сонымен қатар Министрлік қызметкерлері,тілтанушы ғалымдар, сарапшылар, студенттер жәнеБАҚ өкілдеріқатысады.

9 Тамыз күні «Ордабасы»Ұлттық тарихи-мәдени музей қорығының қызметкерлері Сайрам ауданында орналасқан «Машат» жазғы балалар демалыс кешенінде «Ордабасы қорығына 25 жыл! » тақырыбында көшпелі көрме ұйымдастырды.Көрмеге музей қорығындағы жәдігерлер мен «Ордабасы» тауында өткен бірліктің бастауы болған Ұлы жиынның маңыздылығы түсіндірілді. Төле,Әйтеке,Қазыбек билердің,хандарымыздың,қол бастаған батырларымыздың Қазақ халқын жоңғар шапқыншылығына қарсы «Ордабасы»тауында күш біріктіріп,Елін,Жерін сақтап қалудағы іс-қимылдарын бейне ролик арқылы оқушыларға көрсетілді.Сонымен қатар,»Ордабасы» қорығындағы ашық аспан астындағы ескерткіштердің суреттері,слайд шоу арқылы оқушыларға көрсетілді.Көрме соңында «Ордабасы»Ұлттық тарихи-мәдени музей қорығының мәдени іс-шаралар меңгерушісі Өтемұрат Есболат ағамыздың әндері демалушы балаларға көтеріңкі көңіл күй силады.

Бүгін Шымкент қаласындағы ардагерлер үйінде Ордабасы ұлттық тарихи — мəдени қорығының қызметкерлері Ордабасы ұлттық тарихи-мəдени қорығының құрылғанына 25 жыл толуына орай тарихи танымдық мəдени іс-шарасын өткізді.Іс шара барысында Ордабасы қорығының тарихымен таныстырып ондағы тарихи орындар туралы мəліметтер берілді.Сонымен қатар қорық мұрағатындағы тарихи фото суреттер мен бейнебаян көрсетілді.Соңы концерттік бағдарламаға ұласқан бұл іс-шара демалып емделуші қарияларға көтеріңкі көңіл күй силады. Қариялар ризашылығын білдіріп, қорық қызметкерлеріне ақ батасын берді.

5 маусым күні «Ордабасы» ұлттық тарихи — мәдени қорығының қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, Шымкент қаласындағы №3 балалар үйінің тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Ордабасы» қорығында «Бар жақсылық балаларға» атты қайырымдылық іс – шарасы өткізілді.Іс – шараның ашылу барысында, «Ордабасы» ұлттық тарихи- мәдени қорығының директоры: Б.Исматов балаларға өз тілегін білдіріп, тарихи орындарға жасалатын саяхаттарына сәттілік тіледі. Жас саяхатшылар қорық мұражайындағы жәдігерлермен танысып, ашық аспан астындағы тарихи орындарға саяхат жасады. Сонымен қатар арнайы жайылған дастарханнан дәм татып сусындаған жас саяхатшылар ұлттық ойындарымызды дәріптеу мақсатында алтыбақан теуіп асық ойыны ойнатылды.Іс-шара барысында Ордабасы қорығының мәдени іс- шараларды ұйымдастырушы: Өтемұрат Есболат ағамыздың ұйымдастыруымен концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Әсерлі көңіл күй сыйлаған бұл концерттік бағдарламада саяхатшылар арасынан өз өнерлерін көрсетіп ән айтып би биледі. Іс шараны қорытындылай келе қорық директоры: Б.Исматов «Ордабасы» ұлттық тарихи- мәдени қорық атынан барлық балалар үйінің тәрбиеленушілеріне «Жас саяхатшы» сертификатын тапсырып алдағы өмірде сәттілік тіледі. Жетім көрсең жебей жүр дегендей сәл де болса бұл бүлдіршіндердің көңілін көтеріп төл тарихымыздан мағлұмат бердік деген оймен алдағы уақытта да осындай игі істеріміз жалғасын табады.

25 мамыр «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығына 25 жыл толуына орай Елбасымыздың ««Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында алғаш рет «Туған жерге тағзым!» атты мектеп бітірушілердің мерекелік іс-шарасы болып өтті.Іс-шара барысында Оңтүстік Қазақстан Облысының әкімі Жансейіт Туймебаев бітіруші түлектерге құттықтау сөзін арнап, түлектердің үлкен өмір жолына бастар қадамдарының сәтті болуына тілек білдірді,облысымыздағы 10 үздік бітіруші түлектерді марапаттап бағалы силықтар тарту етті.

17 мамыр күні Ордабасы аудандық кітапханашыларының ұйымдастыруымен «Ордабасы » ұлттық тарихи-мәдени қорығының құрылғанына 25 жыл толуына орай Ордабасы қорық қызметкерлерімен кездесу кеші өткізілді.Сонымен қатар бұл іс шараға Ордабасы ауданының құрметті азаматы Данешов Гайдар және зейнет жасындағы жергілікті ақын Абылайхан Өмірұлы қонақ ретінде шақырылды. Бірінші болып сөз алған ауданның құрметті азаматы Данешов Гайдар ағамыз аудан тарихынан кеш қонақтарына мәлімет берді,»Ордабасы» қорығының бас қор сақтаушысы Касымов Бакытбек Ордабасыдағы 1726 жылғы жиын жайлы толығырақ мағлұмат беріп, қорықтың қазіргі тыныс тіршілігі мен таныстырды және Амангелді жалпы орта мектеп оқушылары Сапаров Бағлан және Шалқар Нурила туылған жеріне арналған Ордабасы жайлы өлеңдерін мәнерлеп оқыды.Кеш соңында Ордабасы оттары газетінің меншікті тілшісі Батырәлі Жүрсінбек Ордабасы қорығының 25 жылдығына арнау өлеңін оқып қорықтың мерейтойымен құттықтады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Наурыз ең әуелі балдырғандарға арналуы керек

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Егемен Қазақстанға» наурыз мейрамын жаңа үлгіде өткізу жөнінде тарқата әңгімелеп берді.

 

– Арыстанбек Мұхамеди­ұлы, осыдан бірер жыл бұрын рес­­пуб­ликалық баспасөз бет­терінде Наурыз мейрамын жаңа үлгіде өткізу жөнінде тол­ғақты ой айтып, жалпы ұлттық ауқымда атап өту­дің тың жолдарын ұсынған еді­ңіз. Елбасының былтыр сәуір айын­да жарияланған мақа­ласынан ке­йін бұл мәселеге ерекше ден қою қажет­тілігі туындаған секілді. – Әрбір мерекенің өзіндік сал­мағы бар, ал Наурыз біздің ұлт­тық ең бірінші мерекеміз! Дәс­түрімізді дәріптеп, асыл мұра­ларымыздың бедерін айшық­тау­да орны ерекше бұл мерекені қазақ халқы «жақсылықтың бас­тауы» деп ұғады. Мемлекет бас­­шысының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласында: «Жаңа тұрпатты жаң­ғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Он­сыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаң­ғы­рық­қа айналуы оп-оңай», – деп айт­қан сөзі бар. Шығыстың шырайын кел­тір­ген, халық арасында кере­мет қол­дауға ие бұл мереке ХVIII ға­сыр­ға дейін ежел­гі Грекияда, ежел­гі Римде, Ұлы­бри­танияда, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте де аталып келген. Сондықтан тарихы әріде жатқан осы ұлық күнге біз айрықша ықылас танытып, оның мазмұндық қыры менен сырын одан әрі байыта түсуіміз керек. Наурыз мере­кесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақ­стан Президенті Жарлығының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болған. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде Елбасы наурыз айының 21, 22, 23 күндерін «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Нақ осы күннен бастап рес­публикамызда Наурыз мейрамы кеңінен атап өтіле бастады. Данышпан ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың ға­жап бел­гілерін ескере отырып, ай­рық­ша қасиеті бар ай ретінде бағалаған. Ұлытау сұхбатында Елба­сы Н.Ә.Назарбаев: «Біз ұлт­тық мәде­ние­ті­міз бен салт-дәстүрі­мізді қас­тер­леуіміз керек» деген сөзінде үл­кен мән жатыр. Заман бір орында тұрған жоқ. Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін адамның ұлтына, діни бағыныстылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтар­ға мән бергеніміз абзал. Қазақстан халқы түгел қамтылатындай маз­мұнын жасау керек. Бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі бәрімізге қатысты.  – Ел арасында «Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сах­налық кейіпке еніп кетті» деген де сөздер айтылып жүр. – Иә, аздаған жұртшылық­тың қы­зық­тауына ғана айнал­ған фольк­­лор­лық қойылым көрі­ні­сінен аспай жүргені рас. Сол се­бепті мерекенің өзіне сәй­­кес ай­шық­тарын түлете оты­­рып, фольк­лорлық-этнографиялық ауқым­нан жалпы қазақстан­дық ме­реке дәрежесіне жеткізу керек. Бұл мәселеде Ұлттық намыс пен рухани болмысымызды жаңғырту деген асқақ ой жатыр. Қазір Наурыз дегенде, тігілген киіз үйлерге келіп, қонақ болып кететіндер мен сырттан бақы­лайтындар деп екіге бөліп қарауға болады. Мерекеде бақы­лау­шылар болмайды, бәрі де қаты­су­шы болу керек. Біз осыған аса назар аударғанымыз жөн. Сон­дықтан да Наурызға қажет ір­гелі ізденістер мен тарихи әрі зама­науи шаралар турасында айтар болсақ, мұның бірнеше жолы бар.  – Ол қандай жолдар?  – Бірінші. Ең әуелі Наурыз бал­­дыр­ғандарға арналуы керек. Наурызда біз бар мейірім-шапа­ғатымызды балғын бала­пан­дарымызға арнағанымыз дұрыс. Жаңа жылға сәби неге үйір? Рож­дество несімен мықты? Аяз ата да, Санта-Клаус та ең әуелі бала­­ның тілін табады. Бір ғана шы­р­ша сол күннің шырайын ке­л­тіріп, Жаңа жыл­дың идеоло­гия­лық нысанына айналып кетті. Алғашында Жаңа жыл қар­саңында үйге тек қарағай немесе шырша бұтағын орнатқан. Бертін келе бүтін бір ағашты сәндеп қою дәстүрге ай­налған. Алғашқы жаңажылдық шырша фран­цуздық ауданның бірі – Эльзаста орнатылған. Бұл оқиға, шамамен, 1600 жылдары бол­­ған екен. Ал енді сол шырша­ның айнала­сын­да асыр салған ойын баласына Аяз ата­лар сыйлық сый­­лайды, тар­ту-тарал­ғысын жа­сай­ды. Отбасы мүше­лерін, үл­кен­дерді де назардан тыс қал­дырып көрген емес. Осы тәріз­ді дәстүрдің берік орнығуы бұл мере­ке­лерді халыққа барынша жақын­­датқаны мәлім. Сөйтіп Жаңа жылдан әрбір бала тосын жаңа­лықтар күтеді. Сол секілді Наурыздың қадір-қа­сиетін жан-жақты қамти оты­рып, шын мәнінде мереке жаса­ғымыз келсе, Наурыздың бірінші мағынасы да, сәні мен салтанаты да балдырғандар болуы тиіс. Екінші. Ұлттық киім. Осын­дай қа­сиетті күндері әркім өзі­не жара­са­тындай, сән-сал­та­на­тымен, мақ­та­нышпен киетіндей ұлттық киім үлгілеріне ерекше мән берсе. Наурыз – барша қазақ­­­стандықтардың мерекесі. Сон­­­дықтан бұл ұлы мерекеге әр ұлттың өкілі өздеріне тән дәс­түрлі киім­дерін кисе. Қазақтың дәстүрлі ұлт­тық киіміне күллі әлем тамсана, қызы­ға қарайды. Бар­­лығымыз осы қасиетті күні, бас­­қа да атаулы күндері ұлттық киім киіп шығайық!  Байқасаңыз, Тәуелсіздік таңы атқа­лы бері жоғарғы билік­тен Наурыз ме­ре­кесінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қана әдемі шапан киіп, Ұлыс күнінде қалай жүрудің керемет мәдениетті үлгісін көрсетуде. Қазақтың «таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» дейтін мәтелі бар. Халық арасында белгілі бір топтар үйде де, түзде де, күнделікті тұрмыста да ұдайы жақ­­сы киініп жүрген. Ел ағалары жаға­лы киім, тымақ және бөрік киген. Меніңше, біз шал, ақсақал, қарасақал, қарт, қария секіл­ді атауларды кез келген жерге жөн-жосықсыз қыстыра бермей, өз ардақ­тыларымызды сыйлап, ел ағасы десек орынды болмай ма?!  Ал енді бас киімге келсек, тымақ­­тың түрі көп қой. Түлкі ты­мақ, елтірі тымақ, сеңсең тымақ, пұшпақ тымақ. Сыртын берік, қымбат маталармен тыстайды. Тымақ – қасиетті бас киім. Оны айырбастауға болмайды, оған аяқ тигізбейді. Жақсы кісілер­дің тымағы атадан балаға мұра ретінде қалып отырған. Біздің есімізде тымаққа салу дейтін салт болған. Халықта әдетте шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі күнінен ерте туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы бола­ды. Бұл – тымақтың қадірі мен қа­сиетін бейнелейтін көрініс. Ұл­­ты­­мыз­дың бас киімдерінің тағы бірі – бөрік. Бөріктің сырты мақ­пал, пүліш, барқыт сияқты қым­бат маталардан тігіледі. Сән­дік үшін төбесіне үкі, жиегіне мон­шақ, шашақ, түрлі асыл тас­тар, түйме, оқа, зер, күміс тағылады. Жас жігіттер мен сал-сері­лер, ақын­дар бөріктеріне үкі та­ғып, зерлеп, өрнектеп киген. Мы­­­салы, Ақан сері, Біржан сал, Үкі­лі Ыбырай, Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлы бөріктерінің төбесіне үкі тағып жүрген. Аналарымыз, қыз-келін­шек­тер бергек, бөрік, жаулық, желек, жырға, кимешек, күндік, ора­мал, қарқара, сәукеле, тақия, шәлі киген. Соның ішінде сәуке­ле­нің орны бөлек. Сәукеле – тек бас киім емес, ол – қазақ хал­қы­ның байлығы мен сән-сал­танатының, мәдениеті мен өнері­нің озық үлгісі, өнер туынды­сы ретінде бағаланатын өте қым­бат этнографиялық мүлік. Соны­мен бірге ол – қазақтың қыз­дары­на деген көзқарасының да бір белгісі.  Мұның бәрі айналып келгенде, экономикамыздың да қозғаушы күштерінің біріне айналады. Ел арасында ұлттық киімге деген сұраныс пайда болады да, кәсіпкерлер сапалы өнімге көңіл бөле бастар еді. Үшінші. Қызғалдақ – Наурыз­дың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітуді қажет етеді. Гүлдің адамға деген әсері өте мол. Себебі гүлден ерекше сұлу­лықпен бірге адам нәр ала­ды. Гүл тұрған жерде биік сезім бар. Мереке күні аналарға, қыз-келін­шектерге гүл сыйлау көңілдерге құштарлық сыйлайды.  Бұған қоса мекемелер, көше­лер, саябақтар қызғалдақтармен, басқа да гүлдермен көмкеріліп, абаттандырылса нұр үстіне нұр.  Төртінші. Күн мен түннің теңелуі – астрономиялық көктем­нің тууы. Астрономдардың тілі­мен айтар болсақ, бұл кезде Күн­нің орталығы өз қозғалысы бары­сында Жер экваторын кесіп өтеді. Ғылымда көктем туатын мезгілді түрліше шамалау әдісі қалыптасқан. Күн қозғалысына негізделген есеп бойынша нағыз көктем осы – Күн мен Түннің (21-нен 22-не қараған түні) теңелу сәті. Түн ортасы ауғанда жаппай жаңа күнді қарсы алу дәс­тү­рін тү­лет­кеніміз абзал. Бас­қа халық­тар­ға қарағанда, Қазақ­стан хал­қы­­­ның Жаңа жыл – Наурызды қар­сы алуы осы қасиетімен басым. Бесінші. Батыстық ағайын­дар «Амал келді – жыл келді!» деп, арқа-жарқа болып, Ұлыс күнін бір кісідей атап өтеді. Ал бұл ерек­­ше күн Ұлт Көшбасшысы ел дамуының кепілі ретінде бел­гі­леп берген бірлік, тату­лық, от­­ба­­сы­ны қастерлеу сияқты адам­­­зат­тық құндылықтарға құ­рыл­­ған. Наурыз мейрамына ал­дын ала үлкен дайындықтар жаса­лады. 14 наурыз күні таңғы сағат 6-дан бастап жұрттың бәрі үй-үйді жағалап көріседі. «Кім ерте тұрып, 40 үйге кіріп, көрісетін болса, соған Қыдыр ата несібесін береді» деген де сөз бар. Сол несібені алып қалу үшін кішкентай балдырғандар таң атпай ерте тұрып, үй-үйге жүгіріп, үлкен ата-әжелерге барып көрісетін. Үлкен адамдар «Бүгін көрісуге адамдар келеді» деп, үйінің айналасын, ішін тазалап, жаңа киімдер киіп, күтіп оты­рады. Сонымен бұл күн Көрі­су күніне сұранып-ақ тұр. Алтыншы. Наурыз мейра­мының рухани-мәдени тәрбиелік мәнін іс жүзінде өмірге енгізуді ұсынсақ артық бола қоймас. Бұл мақсатта наурыздың 21-і күні сипатын ашатындай әрі ұлттық таным мен дәстүр салтты жаңғыртатындай  • Отбасы күні • Қайырымдылық жасау күні • Ақ дастарқан күні • Тал егу күні деп мазмұн бере отырып, рухани іс-шараларды неге қалып­тастырмасқа. Мәселен, Отбасы күні ата-баба рухына тағзым ете отырып, үй іші түгел туғандарымен кездескені дұрыс. Дәстүрдің озығы бар. Корей халқы жылдың бір күнін тек отбасы-ошақ қасында өткізу үшін, отбасы мүшелері ата-анасына сәлем бере барып, бір-біріне қуаныш сыйлайды екен. Қайырымдылық жасау күні аста-төк ысырапшылдыққа емес, балалар және қарттар үйлеріне сый-сияпат жасаумен ерекшеленсе. Ал Ақ дастарқан күні – ұлттық тағамдар күні десе де болғандай. Бауырсақ, таба нан, салма, майшелпек, қаттама, талқан, бидай көже, тары, жент, майсөк, бөкпе т.б. тағамдардың ыңғайлы қаптамамен шығару өндірісіне ден қойсақ құба-құп болар еді.Наурызда сонымен қатар жаппай тазалық шараларын өткізу керек. «Бір тал кессең, он тал ек!» дегендей, 21 наурыз баршамыз, әсіресе балаларымыздан бастап, тал егіп, көшет отырғызумен айналыссақ. Бұл күн тамылжыған табиғаттың қайта оянатын тұсы. Тек қана өз үйімізді емес, соны­мен қатар ауылдағы ауламыз бен қала көшелерінің тазалығына да қарауымыз қажет. Айнала та­биғатты әсем ете түсетін де осы жай­­қалған ағаш­тар мен гүл­дер емес пе? Әрі бал­дыр­ған­дары­мыз­ды еңбекке баулудың тамаша үлгісі болар еді. Жетінші. Дәл осы «Наурыз мейрамы» күндері аясында елі­міздің іскер азаматтары, меце­наттар, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер балалар үйлеріне, тұрмысы төмен отбасыларға және қоғамның әлеуметтік қорғал­маған топтарына жәрдем жасап, қайырымдылық шаралары­на көңіл бөлгені жөн. Ас мәзірін әз-Наурызға бейімдеп, кәсіпкерлер Наурыз көже, бауырсағын алдымен сол адамдарға тегін таратса. Бұл игі істе Қазақстанның бел­сенді жастарын, волонтерларды Наурыздың жаңа тұрпатта тойлануына жұмылдырсақ, жү­ре­гімізге жақын мерекенің мәні мен сәні арта түседі. Керек десеңіз, Наурыздың рухани мәр­тебесі үшін, жыл сайын қыс айларында дәстүрлі берілетін әдебиет пен өнер саласы қайраткерлеріне арналған сыйлықтардың табыс ету мерзімін де Наурыз мейрамына ауыстырған абзал. Сегізінші. Қыдыр баба (Қызыр) бар жақсылықтың, мол­­ш­ы­лық пен берекенің иесі, үмітт­ің шырағын жағатын кие. «Қырықтың бірі – Қыдыр» сөзінің астарынан осындай түсініктен туындаған факторды көреміз. Қыдыр баба көпшіліктің алдында қашанға дейін бата беріп, «үлкен» кісілердің соңында жүруі тиіс?  Қиялды ұштай түсетін мүм­кін­діктерді пайдаланайық. Ен­деше, Қыдыр бабаны Наурыз мей­рамын өткізу барысында ұтым­­ды пайдаланған абзал. Уа­қы­ты­ның денін балалармен өт­кіз­сін. Тақпақ айтқызсын, өлең оқыт­сын, ән тыңдасын, өнерін көр­сін! Сондықтан Қыдыр ата­ның мейірімі алдымен бал­дыр­ған­­дар­дың көтеріңкі көңіл күйі­мен ұштасқаны керек. – Наурыз кезіндегі мәдени және спорттық шараларды қайтеміз? – Дұрыс айтасыз. Наурыз мей­рамы аясында мемлекеттік деңгей­дегі дәстүрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдас­тыруды жандандыру керек. Сондай-ақ бұқаралық спортты және халықтық дәстүрлерді насихаттау мақсатында, велошеру, марафон секілді бүкіл халықтық сипаты бар спорт шараларымен қатар ұлттық ойындардан жыл сайынғы республикалық «Наурыз спартакиадасын» ұйым­дас­тыруды ұсынамыз. БАҚ мүм­кін­діктерін пайдалануға айрық­ша назар аударғанымыз абзал. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары Наурыз мейрамын атап өту барысында өткізіліп жат­қан шаралардың танымдық және мазмұндық жағына мән беруі тиіс. Наурыз идеясын наси­хат­тау барысында аймақтар арасында телекөпірлер өткізу, телемарафондар мен тақырыптық бағ­дар­ламалар, ақпараттың басқа да фор­маларын ұйымдастырудың маңызы зор. – Шынымен-ақ, сөзіңіздің жаны бар. Былай қарасаң қол­дан келетін-ақ нәрсе. Ата-бабаға тағзым, ұрпаққа өнеге болушы еді. – Иә. Наурыз қоғамда саяси тұрақтылықты, достық пен келісімді нығайтудың, жалпы қазақстандық, отбасылық мере­кенің тетігіне айнала бас­тауы тиіс. Бұл – осынау қасиетті де қастерлі жерді мұра етіп қалдырып кеткен ата-баба алдындағы борышымыз. Бұл – біздің ұрпақ алдындағы міндетіміз! «Біздің қасиетті жерімізді ықы­лым замандардан Ұлы дала деп, ал бабаларымызды Ұлы дала­­ның ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең-байтақ Ұлы даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүние­ге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы іс­тердің ұйытқысы бол­ған Ұлы дала елі!» деп еді ғой Президент. Болашаққа бағдар жасап, үлкен серпіліс жасаған елімізге қазір дүниежүзі тамсанып, үлкен үмітпен қарап отыр. Ендеше, игілікке беттеген кез келген жаңа бастаманы ерекше ықыласпен атқарып, жаңғырған рухтың жаршысы болуға ұмтылайық. – Әңгімеңізге рақмет.  Әңгімелескен Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Толығырақ: https://egemen.kz/article/165252-arystanbek-mukhamediuly-nauryz-enh-aueli-baldyrghandargha-arnaluy-kerek

Астана — Еуразияның рухани мәдениет орталығы

20170606100915

18 қазан, 2017. Астанада «Рухани жаңғыру – гүлдену мен келісім жолы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында, рухани келісім күніне арналған рухани мәдениеттің әлемдік форумы президиумының дөңгелек үстелі өтеді.

Іс-шараға КСРО және Ресей Федерациясының халық әртісі Иосиф Кобзон, қазақ композиторы және қоғам қайраткері, «Мәдениет арқылы әлем» халықаралық қауымдастығының президенті Төлеген Мұхамеджанов, ғылым саласы мен мәдени қауымдастық өкілдері қатысады.

Дөңгелек үстел қатысушылары өмірдің гуманистік негіздері мен рухани кемелдену, рухани мәдениет,  өркениеттің дамуына әсер ету, рухани дамуға сеп болатын саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени жағдайлар, адами құндылықтар бағаланатын тұрақты қоғам қалыптастыру мәселелерін талқылайды.

Дөңгелек үстел ғылым және мәдени қауымдастық өкілдерінің, діни және мемлекеттік қызметкерлердің сұқбаты үшін ашық алаңға айналады.

Рухани келісім күнін өткізуге бағытталған іс-шаралар бағдарламасы КСРО және Ресей Федерациясының халық әртісі Иосиф Кобзон, Қазақстан мен Татарстанның  халық әртісі  Нұржамал Үсенбаева,  тенор Дарио Ди Виетри (Италия), «Астана Опера» театрының солисі Евгений Чайников,  Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің қатысуымен өтетін гала-концертпен аяқталады.

Атап өтсек,  ертең Астанада «Рухани жаңғыру – гүлдену мен келісім жолы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастайды. Ұйымдастырушылары Астана қаласының әкімшілігі, Дін істері жөніндегі басқарма мен «Мәдениет арқылы бейбітшілікке қол жеткізу» атты Халықаралық қауымдастық.

Конференция аясында Еуразия халықтары қауымдастығының отырысы, рухани мәдениеттің әлемдік форумы президиумының дөңгелек үстелі, рухани келісім күніне арналған гала-концерт және түрлі шеберлік сыныптары өтеді.